
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі коллекциялық монеталардың жаңа топтамасын ұсынды. Бұл жолы «Қазақстанның табиғи жауһарлары» сериясы «BURABAY» монетасымен толықса, «Қазақстанның ежелгі қалалары» сериясына «SYǴANAQ» монетасы енгізілді. Сонымен қатар «Көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясы аясында «ТМД-ға 35 жыл» коллекциялық монетасы жарық көреді.
«BURABAY» коллекциялық монетасы

Бурабай – Қазақстандағы ең танымал табиғи аймақтардың бірі. Қарағайлы ормандар, мөлдір көлдер мен гранитті жартастар үйлесім тапқан бұл өңір өзінің ерекше табиғатымен және таза ауасымен ерекшеленеді. Оқжетпес пен Жұмбақтас секілді көрнекті табиғи нысандар Бурабайдың символына айналған. Табиғи байлығы, тарихи аңыздары мен мәдени құндылығының арқасында бұл өлке еліміздің ең көрікті жерлерінің бірі әрі туристер жиі баратын демалыс орны болып саналады.
«BURABAY» монетасы 925 сынамалы күмістен дайындалған. Оны жасау барысында түрлі түсті баспа технологиясы мен интерференциялық кемпірқосақ жабыны пайдаланылды. Монетаның салмағы – 31,1 грамм, өлшемі – 45×30 мм. Ол «proof» сапасымен шығарылып, 1 000 теңге номиналымен және 2 000 дана таралыммен жарық көреді.
«SYǴANAQ» коллекциялық монетасы

Сығанақ – қазіргі Қазақстан аумағында орналасқан Ұлы Даланың аса ірі ортағасырлық қалаларының бірі. XIII–XV ғасырларда қала Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды сауда, қолөнер және мәдени орталықтардың қатарында болды. Бүгінде Сығанақ қалашығы Қазақстанның маңызды археологиялық мұраларының бірі ретінде бағаланып, ортағасырлық қалалық мәдениеттің даму деңгейін айқын көрсетеді.
«SYǴANAQ» монетасы алтын жалатылған 925 сынамалы күмістен соғылған. Оның массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм. Монета «proof» сапасымен дайындалған, номиналы – 1 000 теңге, таралымы – 1 000 дана.
«ТМД-ға 35 жыл» коллекциялық монетасы

2026 жылғы 8 желтоқсанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғанына 35 жыл толады. Бұл өңірлік халықаралық ұйым 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы бірқатар мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын нығайту мақсатында құрылған. Қазіргі уақытта ТМД елдері экономикалық, гуманитарлық, мәдени, құқықтық және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытып, ортақ маңызы бар мәселелерді бірлесіп үйлестіреді. Ұйым өз қызметін мемлекеттердің егемендік теңдігі мен тәуелсіздігін құрметтеу қағидаттарына сүйене отырып жүзеге асырады.
«ТМД-ға 35 жыл» коллекциялық монетасы 925 сынамалы күмістен жасалған және түрлі түсті баспа технологиясымен безендірілген. Монетаның массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм. Шығарылым «proof» сапасында орындалған, номиналы – 1 000 теңге, ал таралымы 1 000 дананы құрайды.