Қазақстан Ұлттық банкі «Қазақстан қойнауы» сериясынан «Nb (ниобий)» коллекциялық монетасын айналымға шығарады.
Монеталарды сату 2026 жылғы 12 қазанда Қазақстан ҰБ-ның интернет-дүкені арқылы басталады.
Ниобий — атомдық нөмірі 41 болатын сирек металл. Ол металлургияда, электроникада, сондай-ақ аэроғарыш және атом өнеркәсібінде қолданылады. Металл атауы ежелгі грек мифологиясындағы кейіпкер, Танталдың қызы Ниобаның есімінен шыққан.
Монета 925 сынамалы күмістен және ниобий қоспасынан жасалған. Жалпы салмағы 32,8 грамды құрайды, оның ішінде 31,1 грамы — 925 сынамалы күміс, ал 1,7 грамы — ниобий. Монетаның диаметрі — 38,61 мм. Дайындау сапасы — proof. Номиналы — 1 000 теңге. Таралымы — 1 000 дана.
Коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында барлық төлем түрлері бойынша атаулы құнына сай қабылдануға міндетті. Сондай-ақ оларды банктік шоттарға салуға, аударым жасауға, ұсақтауға және елдің барлық банктерінде айырбастауға болады.
Монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.
Монетаның суреті
Қазақстан Ұлттық Банкінің материалдары бойынша

