925 сынамды күмістен соғылған, салмағы 777,50 г, номиналы 5000 ₸ естелік монета қазақ дәстүріндегі нағыз көшпендінің ырысы мен абыройының негізі саналған жеті қазына бейнесіне арналған. Ежелгі түсінік бойынша, оған ер жігіттің батылдығы, ақылды да көрікті жары, құмай тазысы, жан-жақты білімі, сенімді мылтығы, жүйрік тұлпары және қыран бүркіті жатқызылған. Бұл бейнелердің әрқайсысы дала тіршілігінде айрықша мәнге ие болған. Жары шаңырақтың берекесін сақтаған, тазысы аңшылықта серік болған, қаруы қорған қызметін атқарған, аты жүріп-тұруға мүмкіндік берген, бүркіті аңшының таптырмас серігі саналған, ал білімі дұрыс шешім қабылдауға жол ашқан. Монетаның композициясы дәстүрлі құндылықтарға, көшпелі мәдениет салтына және қазақ халқының рухани мұрасына деген құрметті білдіреді.