Номиналы 100 ₸ болатын, 9999 сынамалы алтыннан соғылған және массасы 1,24 г естелік монета Қазақстанның ең көне қалаларының бірі — ежелгі Түркістанға арналған. Ғасырлар бойы бұл қала Орталық Азияның әртүрлі өңірлерін байланыстырған керуен жолдарының бойында маңызды орын алып, қолөнер мен сауданың дамуына ықпал етті. Түркістанның айрықша маңызын көрнекті ақын, ойшыл әрі уағызшы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне жасалған зияраттар да арттыра түсті, оның рухани мұрасы өңірдің тарихы мен мәдениетіне зор әсер етті. Монетадағы қала бейнесі оның Қазақстан үшін ерекше мәнін сақтап қалған ірі діни, мәдени және сауда орталығы ретіндегі тарихи рөлімен сабақтас.